You are currently viewing Институт жеке құрамы жаңа оқу жылына әзір

Институт жеке құрамы жаңа оқу жылына әзір

Әскерде жаңа оқу жылы басталды. Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің Әскери институтының жеке құрамы жаңа жауынгерлік оқу-жаттығу жылына сақадай сай дайын.

Жауынгерлік бірлік тізгінін ұстаған командирдің, қару асынған курсанттың, азулы техниканы меңгерген сержанттың, бір сөзбен айтқанда, институттың сабындағы әр маманның кәсіби деңгейін шыңдауға бағытталған осы кезең жоғарғы жауынгерлік әзірлікті қамтамасыз ету апталығымен басталды.
Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлері Әскери институтында жауынгерлік дайындық қашанда алдыңғы жоспарда, бастапқы міндеттердің бірі болып табылады.
Жаңа оқу жылын ұйымдасқан түрде бастау үшін әскери институтта 2023 жылдың желтоқсан айының бірінші аптасында жауынгерлік әзірлік мәселелері бойынша тактикалық-саптық сабақтар өткізілуде.
Институтының жеке құрамымен тактикалық-саптық сабақтары «қарапайымнан күрделіге» қағидаты бойынша өткізілуде. Ең алдымен, батальондар мен кафедралар деңгейінде, әрі қарай институт деңгейінде, содан кейін әскер түрлері деңгейінде және Қарулы күштер ауқымында өтуде. Бұл сабақтардың мақсаты – институттың жауынгерлік және жедел басқару жүйелерін жақсарту, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлерінің Әскери институттының хабарлама жеткізу жүйесін тексеру.
Бүгінгі таңда институт бойынша кезекшінің пультіне «шұғыл жиналу» бұйрығы келіп түсті. Тәуліктің мезгіліне, ауа райының құбылмалдығына қарамастан институт жеке құрамымен хабарландыру жүйесіне сай тиесілі әрекеттер жасалды.
Әр буындағы командир қарамағындағы жеке құрамның жұдырықтай жұмыла білуін қамтамасыз етуге тырысып бақты. Басты назарда жеке құрамның сапқа уақытылы тұруы, белгіленген әрі тиесілі қару-жарақ, дүние-мүлік, арнайы жабдық тәрізді қажеттіліктермен қамтамасыз етілуі, іс-қимылды айқындайтын құжаттар, жоспар кестелерінің бақылануы мен пысықталуы болды. Бұл бейбітшілік кезінде әскери қызметшілерге жүктелетін аса маңызды жауынгерлік міндет.

Жалпы алғанда оқыту және тәжирибе жинақтау кезінде сайдың тасындай іріктелген офицерлеріміз, сержанттарымыз, курсанттарымыз соғыс жағдайына, лаңкестік оқиғалардың алдын алуға бейімделді, сондай-ақ өздерінің кәсіби деңгейлерін шындай түсті.