You are currently viewing Білікті ұстаз

Білікті ұстаз

Дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Ұстаздар  барлық  мамандық   иесін  тәрбиелейтін,  оқытып  үйрететін  мейірімді абзал  жандар.  «Мұғалім  мамандығы – барлық  мамандықтың  анасы»  демекші, ұстаз  алдынан  тәрбие  алмайтын  жан  жоқ.

Бүгін «Ұстаздар» күнін атап өте отырып оқырмандарға Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Құрлық әскерлер Әскери институтының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі кафедрасының аға оқытушысы Рахметова Жанат Мукановна жайлы жазуды жөн көрдік.

Жанат Мукановна осы институтта 20 жылдан астам курсанттарға философия, қазақстан тарихы, экономикалық теория негіздері, саясаттану сияқты пәндерден білім береді.  Осы жылдар аясында дарындылығымен, іскерлігімен, қабілеттілігімен, білімділігімен ұжым  ортасында жоғары беделге ие болып, терең білімі мен өнерін ұштастыра біліп, қоғамға өз үлесін қосып келеді.

Жанат Мукановна  сан мыңдаған болашақ офицерлерді тәрбиелеуде өз бақытын еңбектен тапқан ұлағатты ұстаз. Білікті ұстаздың білім саласын жандандыруға қосқан өлшеусіз еңбегі институт басшылығының тарапынан әрдайым бағаланады. Алған мақтау, марапат, алғыс ­ хаттарын тізетін болсақ, өз алдына бір төбе. Бірақ, ұстаз Рахметованы биіктен көрсететін– адами қасиеттері, игілікті істері, жүзінен шашылған шуақ, сөздерінен тамған жылылық.

Әйел адам үшін қызметтік мансаптан басқа, дүниеге ұрпақ әкелу, оны тәрбиелеп жеткізу міндеті және бар. Міне, осындай аса жауапты қызметпен аналық парызын қатар өтей білген жан өзінің өмірлік жары Мухамедқали ағамыз екеуі 3 перзент тәрбиелеп өсірді. Ата-анасының сүйіспеншілігіне, қамқорлығы мен мейіріміне мейлінше. қанық болып өскен ұл-қыздары бүгінде өмірден өз орындарын тапқан, ортасына сыйлы, абыройлы биік белестерді бағындырған тұлғалар.

Аида Бектурова баспасөз қызметі